ҒАЛЫМДАР МЕН МАМАНДАР ҒЫЛЫМ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ САРАПТАМАЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ ЖҰМЫСЫНА ҚАТЫСУҒА ШАҚЫРЫЛАДЫ
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Қазақстан Республикасы Құрылтайының Цифрландыру, инновациялар және ғылым жөніндегі комитеті жанынан Ғылым мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестің құрылғанын хабарлайды.
Сараптамалық кеңестің қызметі отандық ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға және ғылыми саладағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге бағытталған.
Кеңестің жұмысына ғылыми-зерттеу қызметінде практикалық тәжірибесі бар ғылыми-зерттеу институттарының, ғылыми орталықтардың, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының мүдделі ғалымдары мен мамандары қатысуға шақырылады.
Ғылыми қоғамдастықтың ұсыныстары мен бастамалары мынадай бағыттарды қамтуы мүмкін:
– ғылыми зерттеулерді қаржыландыру;
– ғылыми конкурстар мен сараптаманы ұйымдастыру;
– ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын дамыту;
– ғылыми кадрларды даярлау, қолдау және дамыту;
– ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру және өндіріске енгізу.
Ұсыныстарды әзірлеу барысында нақты проблеманы айқындап, оған тиісті негіздеме келтіру және қажет болған жағдайда қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді қоса алғанда, оны шешу жолдарын ұсыну қажет.
Ұсыныстарды жолдау тәртібі
Ұсыныстар мен бастамалар Қазақстан Республикасы Құрылтайының ресми сайтындағы «Қызмет» – «Сараптамалық кеңестер» бөлімі арқылы қабылданады. Ол үшін Цифрландыру, инновациялар және ғылым жөніндегі комитетті және тиісті бағытты таңдау қажет.
Осыған байланысты «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС ғалымдары мен мамандарын Сараптамалық кеңестің жұмысына белсенді қатысуға, отандық ғылымды дамытуға және Қазақстан Республикасындағы ғылыми қызметті жетілдіруге бағытталған ұсыныстар мен бастамалар енгізуге шақырамыз.
Ресми сайт: https://www.parlam.kz/