Су ресурстары және шағын гидроэнергетика саласындағы халықаралық тәжірибе алмасу
2026 жылғы 14–27 қазан аралығында Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысушы елдерге арналған су ресурстарын басқару және экологиялық тұрақты шағын гидроэнергетиканы дамыту жөніндегі халықаралық семинар өтуде.
Семинарға «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің Суару техникасы және технологиясы бөлімінің қызметкері Ұлтанбаева Әсем Бегдалықызы қатысуда.
Іс-шара Ханчжоу қаласындағы Азия-Тынық мұхиты өңірлік шағын гидроэнергетика орталығының (HRC) базасында ұйымдастырылған. Бағдарлама аясында қатысушылар Қытайдың гидроэнергетиканы дамыту және су ресурстарын басқару саласындағы озық тәжірибесімен танысуда.
Семинар барысында Қытайдың гидроэнергетика саласындағы техникалық стандарттары мен басқару жүйесіне, су ресурстарын басқару стратегиялары мен қағидаттарына, сондай-ақ саланы жаңғырту және инновациялық шешімдерді енгізу тәжірибесіне баса назар аударылады.
Халықаралық семинар кәсіби тәжірибе алмасуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және су ресурстарын ұтымды пайдалану мен шағын гидроэнергетиканы тұрақты дамытуға бағытталған заманауи технологияларды зерделеуге мүмкіндік береді.