«Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-де Ұлыбритания Елшілігінің өкілімен кездесу өтті
14 шілде күні «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-де Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің климат және жасыл экономикаға көшу мәселелері жөніндегі бағытының жетекшісі Том Пирсонмен жұмыс кездесуі өтті.
Том Пирсон Ұлыбритания Елшілігінің климаттық дипломатия, энергетикалық көшу, биоалуантүрлілікті сақтау, су қауіпсіздігі және жасыл экономикалық өсім бағыттарындағы жұмысын үйлестіреді. Ол өз қызметінде Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы орнықты даму саласындағы практикалық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөледі.
Кездесу барысында тараптар климаттық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, ғылыми және сараптамалық ынтымақтастықтың даму перспективаларын талқылап, орнықты даму мен жасыл экономикаға көшуді қамтамасыз ететін заманауи тәсілдерді енгізу мәселелері бойынша пікір алмасты.
Том Пирсон өз қызметінің негізгі бағыттарына жаңартылатын энергия көздерін дамыту, электр энергетикалық желілерді жаңғырту, жасыл қаржыландыруды дамыту, көміртек нарықтарын қалыптастыру, табиғи экожүйелерді сақтау және Орталық Азия елдерінің климаттың өзгеруі мәселелері бойынша өңірлік ынтымақтастығын нығайту кіретінін атап өтті.
Кездесу сындарлы жағдайда өтіп, тараптардың климаттық саясат, орнықты даму және жасыл технологияларды енгізу бағытындағы бірлескен бастамаларды іске асыру бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделі екенін көрсетті.