Қызылорда қаласында Сырдария өзені бассейнінің гидромодульдік аудандастырылуын түзетуге арналған семинар өтті.

2026 жылғы 8 шілдеде Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында «Сырдария өзені бассейні аумағының гидромодульдік аудандастырылуын Жерді қашықтықтан зондтау деректері мен спутниктік картографиялау технологияларын пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының су тұтынуын және суару режимдерін нақтылау мақсатында түзету» жобасы аясында семинар өтті.
Семинардың мақсаты – Сырдария өзені бассейніндегі су ресурстарын тиімді пайдалану, гидромодульдік аудандастыруды жетілдіру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарының су тұтынуы мен суару режимдерін оңтайландыру үшін Жерді қашықтықтан зондтау деректері мен спутниктік картографиялау технологияларын қолданудың өзекті мәселелерін талқылау.
Семинар жұмысына Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі мен оның құрылымдық бөлімшелерінің, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Өзбекстан Республикасы Су шаруашылығы министрлігінің, Өзбекстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Түркістан және Қызылорда облыстары әкімдіктерінің, Аралды құтқару халықаралық қоры Атқарушы комитетінің және оның филиалдарының, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (ҚазСШҒЗИ), Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының Ғылыми-ақпараттық орталығының (МКВК ҒАО), Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының, су ресурстарын басқару және ирригация саласы бойынша мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарының, оның ішінде Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті мен Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының өкілдері, сондай-ақ фермерлер мен өзге де мүдделі тараптар қатысты.
Семинар барысында су ресурстарын ұтымды пайдалану, су шаруашылығына заманауи цифрлық технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы дақылдарын суару режимдерін жетілдіру және трансшекаралық су ресурстарын тиімді басқару бағытындағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Іс-шара мемлекеттік органдар, ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, Сырдария өзені бассейнінде су пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған ғылыми негізделген және практикалық ұсыныстарды қалыптастыруға ықпал етті.