Жоғары кәсіби еңбегі үшін: Аманбаева Балжан Шәкірқызы «Экология саласының үздігі» белгісімен марапатталды.

• Жаңалықтар

Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі Аманбаева Балжан Шәкірқызы ведомстволық наградамен марапатталды. 2026 жылғы 5 маусымда Қазақстан Республикасында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнімен тұспа-тұс келетін кәсіби мереке – Эколог күні атап өтілді. Осы күні Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев салтанатты іс-шара өткізіп, сала мамандарын құттықтап, экологиялық қауымдастықтың еліміздің «жасыл» экономикасын дамытуға қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтті.
Іс-шара барысында Ұлттық ғылыми кеңестің «Экология, қоршаған орта және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану» басым бағыты бойынша мүшесі Аманбаева Балжан Шәкірқызының отандық ғылымды дамытуға, перспективалы ғылыми зерттеулерді қолдауға және Қазақстан Республикасының ғылыми-технологиялық дамуының тиімділігін арттыруға бағытталған жемісті қызметі жоғары бағаланды.
Экология саласы мен отандық ғылымның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Аманбаев Балжан Шәкірқызы «Экология саласының үздігі» ведомстволық наградасымен марапатталды.
Балжан Шәкірқызын лайықты марапатымен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасылық амандық, сарқылмас күш-қуат, жаңа ғылыми жетістіктер, кәсіби табыстар және қоршаған ортаны қорғау мен Қазақстан Республикасының орнықты дамуы жолындағы игі бастамаларына толағай табыстар тілейміз!