Шығыс Қазақстан облысында перспективалы суармалы жерлерге жерүсті мониторингі жүргізілді.

• Жаңалықтар

2026 жылғы 12–22 мамыр аралығында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің 254 бюджеттік бағдарламасы бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында іске асырылып жатқан «Қазақстан Республикасының перспективалы суармалы жерлерінің өсуін ғарыштық және жерүсті мониторингі негізінде ақпараттық қамтамасыз ету» тақырыбындағы 4-іс-шара шеңберінде «Суару технологиялары мен техникасы» бөлімінің мамандары Шығыс Қазақстан облысында қызметтік іссапарда болды.

Іссапар барысында перспективалы суармалы жерлердің 28 учаскесіне жерүсті мониторингі жүргізілді. Зерттеу барысында бастапқы деректер жиналып, учаскелердің суаруға жарамдылығына алдын ала бағалау жасалды.
Далалық жұмыстарды орындау кезінде заманауи мониторинг және геодезиялық жабдықтар қолданылды. Атап айтқанда, зерттелетін аумақтарды аэрофототүсіру үшін «Геоскан 401 Геодезия» ұшқышсыз ұшу аппараты, зерттеу учаскелерінің географиялық координаттарын анықтауға арналған GPS-навигация құрылғысы және топырақтың физикалық көрсеткіштерін далалық жағдайда өлшеуге арналған HydraGO Flex аспабы пайдаланылды. Сонымен қатар, кейінгі зертханалық талдау үшін топырақ үлгілері алынды.
Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде алынған аэрофототүсірілім материалдары, далалық өлшеулердің қорытындылары және зертханалық талдау деректері аталған аумақтардың суармалы егіншілікке пайдалану әлеуетін бағалау және оларды одан әрі игеру бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеуге пайдаланылатын болады.